ҚҰРМЕТТІ ҰСТАЗДАР, АРДАҚТЫ АТА-АНАЛАР, ҚАДІРЛІ ТҮЛЕКТЕР!
Сіздерді 2025–2026 оқу жылының аяқталуымен және ерекше мереке – 25 мамыр «Соңғы қоңырау» күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Биылғы «Заң және тәртіп – халықтық Конституция құндылықтары» тақырыбындағы мерекелік іс-шара – жас ұрпақтың бойында әділдік, жауапкершілік, отансүйгіштік және адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған маңызды құндылықтардың айқын көрінісі.
Құрметті түлектер!
Бүгін сіздер үшін өмірдің жаңа белесі басталғалы тұр. Мектеп қабырғасында алған білімдеріңіз бен тәлім-тәрбиелеріңіз алдағы өмір жолында сенімді серік болады деп сенемін. Ел болашағы – білімді, тәрбиелі, заңды құрметтейтін жастардың қолында. Сондықтан қай жерде жүрсеңіздер де адалдықты ту етіп, Отанымыздың дамуына өз үлестеріңізді қосатын азамат болуларыңызға тілектеспін.
Қадірлі ұстаздар!
Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен шәкірт тәрбиелеудегі өлшеусіз қызметтеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін. Әрбір жетістік пен жеңістің артында мұғалімнің маңдай тері мен кәсіби шеберлігі тұрғаны анық.
Ардақты ата-аналар!
Баланың сапалы білім алып, саналы азамат болып қалыптасуына қосқан қолдауларыңыз бен тәрбиелеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін.
Ұрпақ тәрбиесіндегі мектеп пен ата-ананың бірлігі – табыстың басты кепілі.
Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін! Ал түлектерге ақ жол, биік белестер мен жарқын болашақ тілеймін!
Соңғы қоңырау мерекесі құтты болсын!
Төлеби ауданының білім бөлімі
