Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары, вице-адмирал С. Борамбаевтың 2025 жылғы желтоқсан айында бекітілген «Айбын-2026» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынын өткізу туралы ережесіне сәйкес, облыстық ауқымды іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілді.
Жиынның басты мақсаты – Қазақстан Республикасында әскери-патриоттық тәрбиені дамыту, Қарулы Күштердің беделін арттыру және әскери қызметті кеңінен насихаттау.
Осыған орай, Төлеби ауданы білім бөлімінің басшысы Шұға Тұрмаханбетқызының бұйрығына сәйкес, 2026 жылғы 4–5 мамыр күндері Кентау қаласында өткен «Айбын-2026» облыстық әскери-патриоттық жастар жиынына ауданның «Жас сарбаз» әскери-патриоттық құрама командасы қатысты.
Жарысқа 14–17 жас аралығындағы (15 адам: 10 ұл, 5 қыз) әскери-патриоттық клуб тәрбиеленушілерінен құралған команда қатысты. Құрама сапында М.Х. Дулати, Ы. Алтынсарин, Қ. Мамытов атындағы жалпы білім беретін мектептер, Сарқырама, Жеңіс және Шомшақты мектептерінің үздік оқушылары бақ сынады.
Команда жетекшілері мен төрешілер қатарында С. Медеуов, Ә. Әбдіқұл, М. Тасполатов, клуб жетекшісі Ә. Жакипов, командирдің идеология жөніндегі орынбасары А. Ахметов пен Қ. Бекжанов оқушыларға бағыт-бағдар беріп, психологиялық қолдау көрсетті.
Екі күнге созылған тартысты әскери-қолданбалы жарыстар қорытындысы бойынша Төлеби ауданының «Жас сарбаз» құрама командасы жүлделі II орынды иеленді.
Салтанатты марапаттау рәсімінде жүлделерді Түркістан облысының білім басқармасының басшысы Орынов Ғалымжан мырза табыстады.
Жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймыз. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, білім мен біліктілікті қатар дамытып, Отанға адал қызмет ететін нағыз патриот азаматтар болуларыңызға тілектеспіз. Әрдайым жеңіс тұғырынан көрініп, тек биіктерден көріне беріңіздер!
Төлеби ауданының білім бөлімі