Төлеби ауданы, Алатау ауылдық округіне қарасты Қосағаш елдімекенінде 300 орындық жаңа «Келешек мектебі» пайдалануға берілді.
2026 жылғы 12 қаңтар күні Қосағаш ауылының тұрғындары үшін маңызды әрі тарихи оқиға орын алып, заманауи үлгіде салынған «Қосағаш» жалпы білім беретін жаңа мектебі өз жұмысын бастады. Аталған білім ордасында алғашқы кезеңде 300 оқушының білім алуы жоспарланған.
Жаңа мектеп заманауи білім беру талаптарына толықтай сай жабдықталған. Оқу орнында кең әрі жарық сыныптар, интерактивті тақталар, ғылыми-зерттеу және шығармашылық бағыттағы үйірмелерге арналған арнайы кабинеттер, спорт залы, асхана, сондай-ақ оқушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ететін қажетті инфрақұрылым қарастырылған. Мектеп аумағында жылу жүйесі орнатылып, ойын және спорт алаңшалары салынған. Барлық оқу кабинеттері жаңа үлгідегі парта-стөлдермен, интерактивті құралдармен және ішкі санитарлық тораптармен жабдықталған.
Мектептің салтанатты ашылу рәсіміне Төлеби ауданының әкімі Әлімқұлов Еркеғали Амантайұлы, Қосағаш ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Алдияров Бекенбай Әлибекұлы, ауыл ақсақалы Мыңбаев Ералы Төреұлы, аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрабаева Шұға Тұрмаханбетқызы, сондай-ақ жергілікті билік өкілдері, ата-аналар, педагогтер мен оқушылар қатысты.
Салтанатты шара барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалып, Мемлекеттік Ту көтерілді.
«Келешек мектебі» - тек білім беру мекемесі ғана емес, сонымен қатар өскелең ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамытуға, тәрбиелік бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізуге және болашаққа сенімді қадам жасауға мүмкіндік беретін маңызды орталық. Аталған білім ошағы - ұлт болашағына салынған берік іргетас болып, ауыл балалары үшін сапалы білім алуға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастырады.