Төлеби аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің қолдауымен Балдыберек жалпы білім беретін мектебінде «Қыз балалар арасындағы келеңсіз жағдайлардың алдын алу арналған Сенім. Сұлулық. Саналы таңдау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараның шымылдығы мектеп мұражайының тарихымен танысудан басталып, «Өлең өлкесіндегі сұлулық» атты әдеби-сазды поэтикалық қойылыммен жалғасты.
Ақын М.Мақатаевтың шығармашылығына негізделген қойылымда мектеп жастары мен «Жеңгелер» мектебінің мүшелері өнер көрсетті. Әдеби-сазды поэтикалық қойылым жиналған көпшілікті ерекше әсерге бөледі.
Оқушылар қазақ қызының жиынтық бейнесін жырмен өріп, ұлттық құндылықтар мен қазіргі заман үндестігін шебер жеткізе білді. Әрбір оқылған өлең шумағында нәзіктік пен қайсарлықтың, әдеп пен білімнің салмағы сезілді. Қатысушылар тек сыртқы сұлулық емес, ішкі жан дүниенің тазалығы мен саналы таңдау жасаудың маңыздылығын өнер тілімен жеткізді.
Қыз балалардың қоғамдағы, отбасындағы орнын айқындап, олардың бойында жауапкершілік пен адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру мақсатында «Сенім. Сұлулық. Саналы таңдау» атты дөңгелек үстелмен жалғасты.
Дөңгелек үстелге аудандық «Төлеби таңы» газетінің редакторы Д.Хангелді, Төлеби аудандық Қазақстан Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі, Балдыберек ауылының ардақты әжелерімен жеңгелері қатысты.
Ең әсерлі сәт — ортаға жиналған аяулы аналардың пікірі болды. «Қыз — ұлттың ұяты, халықтың шырайы» екенін айтқан аналар өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, қыздарға ибалық, тазалық және саналы таңдау жасау туралы ақыл-кеңестерін айтты.
Аналардың жылы лебізі мен ақ батасы оқушылар үшін үлкен мектеп болды.Ұйымдастырушылар мен қатысушыларға алғыс білдіреміз!