Төлеби ауданындағы Әлия Молдағұлова атындағы мектепте Жеңістің 81 жылдығына арналған тағылымды кеш өтті.
Түркістан облысы Төлеби ауданының білім бөліміне қарасты Қоғалы ауылдық округі, Алшалы ауылындағы Ұлы Отан соғысының батыры "Әлия Молдағұлова атындағы шағын жинақты жалпы білім беретін мектебінде" рухы биік, тағылымы мол мерекелік іс-шара өтті.
Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай ұйымдастырылған тағылымды шара мектеп директоры Бекқали Нұрсейітұлы Жолшыбековтың бастамасымен және қолдауымен жүзеге асты. Бұл игі іс-шара жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік рух пен елге деген құрмет сезімін сіңіруді мақсат етті.
Жас шеберлердің ерен еңбегі
Мектептің «Шебер қолдар» үйірмесінің оқушылары мен жетекшілері М. Күшқалиев, Н. Мырзабек және шебер ұстаз Шопанов Оңғар ағайдың бағыт-бағдар беруімен Жеңістің символына айналған атақты Т-34 танкінің қолданыстағы макеті құрастырылды. Мектеп директорының идеясымен жүзеге асқан бұл туынды — жас ұрпақтың батыр бабалар ерлігіне деген тағзымының жарқын көрінісі.
Өнермен өрілген салтанат
Мерекелік кеш барысында оқушылар «Катюша» биін нақышына келтіре орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар, қазақтың батыр қызына арналған «Әлия» әні шырқалып, кеш соңында мектеп директоры Бекқали Нұрсейітұлының орындауындағы «Жеңіс күні» әні көпшілік көңілінен шықты.
Қонақтардың жүрекжарды лебізі
Салтанатты жиында сөз алған Қоғалы ауылдық округінің әкімі Қыпшақов Қайрат ауылдағы тәрбие жұмыстарының жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.
Төлеби ауданының білім бөлімінің басшысы Шұға Тұрмаханбетқызы мектеп ұжымының еңбегіне жоғары баға беріп, оқушылардың шығармашылық ізденістеріне ризашылығын білдірді.
Қоғамдық кеңес төрағасы, ел ағасы Абсаттар ата жастарға ақ батасын беріп, бейбіт өмірдің қадірін ұғындырды.
«Ерлік ескірмейді, елдік кішіреймейді» демекші, Әлия Молдағұлова атындағы мектеп ұжымының бұл бастамасы — батырлар аманатына адалдықтың жарқын үлгісі.
Жеңіс күні құтты болсын!
Бейбіт аспанымыз ашық, еліміз аман болсын!