Наурызнама онкүндігі аясында 19 наурыз – Жаңару күніне орай аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен №10 жалпы білім беретін мектебінде «Цифрлық трансформация – жаңару негізі» тақырыбында көрме ұйымдастырылды.
Аталған іс-шараның мақсаты – білім алушылардың заманауи цифрлық технологияларға қызығушылығын арттыру, шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамыту, сондай-ақ цифрлық даму бағытындағы жетістіктерді кеңінен насихаттау болып табылады.
Іс-шараға аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, аудан әкімі аппаратының басшысы Амалбек Өміртай, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қанат Жұмағұлұлы және мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әуесбек Әсілбек қатысты.
Көрме барысында оқушылар тарапынан жасалған AI, IT, VR және робототехника салалары бойынша түрлі жобалар ұсынылып, инновациялық идеялар таныстырылды. Сонымен қатар, «Smart City» тұжырымдамасы аясындағы қаланы басқару, көлік-логистика, экология және инфрақұрылым бағыттары бойынша әзірленген жұмыстар көпшілік назарына ұсынылды.
Іс-шара аясында оқушылардың ғылыми-зерттеу және жобалық жұмыстары көрмеге қойылып, қатысушылар өз жобаларын таныстырып, тәжірибе алмасты.