2026 жылғы 06 ақпанда №2 Ш. Уәлиханов атындағы жалпы білім беру мектебінің ғимаратында аудандық прокуратура мен білім бөлімінің бірлесе ұйымдастыруымен «Жас заңгер» атты интеллектуалдық сайыс өтті. Аталған сайысқа «Болашақ прокурорлар» жобасының құрамындағы оқушылар қатысып, өздерінің құқықтық білімдері мен логикалық ойлау қабілеттерін көрсетті.
Сайыстың басты мақсаты – оқушылардың құқықтық білімдерін жетілдіру, құқықтық сауаттылықтың әр адам өміріндегі маңызын ұғындыру, заң алдындағы жауапкершілікті арттыру болды. Сонымен қатар, оқушылардың ой-өрісін дамыту, өз пікірін еркін білдіруге, тұжырым жасауға үйрету, сөздік қорын молайту көзделді.
Интеллектуалдық сайыс барысында қатысушылар заң, құқық, адам құқықтары және азаматтық міндеттер тақырыптары бойынша сұрақтарға жауап беріп, түрлі тапсырмаларды орындады. Бұл сайыс оқушылардың құқықтық, патриоттық және адамгершілік тәрбиесін қалыптастыруға, сондай-ақ заңға деген құрметін арттыруға үлкен үлес қосты.
Сайыс қорытындысы бойынша І орынға №1 мектеп-гимназиясы ие болды. ІІ орын №16 Ш. Уалиханов атындағы жалпы білім беретін мектебінің командасына бұйырса, ІІІ орынға «Әл-Фараби атындағы» жалпы білім беретін мектептердің командалары лайық деп танылды. Жеңімпаздар аудандық прокуратураның мадақтамаларымен және білім бөлімі тарапынан ұсынылған бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Шара соңында белсенділік танытқан барлық қатысушыларға алғыс білдірілді. «Жас заңгер» интеллектуалдық сайысы оқушылардың болашақта саналы, жауапты әрі құқықтық мәдениеті жоғары азамат болып қалыптасуына ықпал етті.